Бәйдібек ауданының тұрғыны 15 млн теңге тұратын асыл тұқымды қошқар өсіруді қолға алды, деп хабарлайды Turkistanzaman ҚазАқпарат сілтеме жасап.
Бәйдібек ауданы Шаян ауылында тұратын шаруа Аманнулла Айтаханов асыл тұқымды «гиссар» қойын өсірумен айналысады. Қылшық жүнді, құйрықты қойлардың еті майлы әрі дәмді келеді. Бағасы да қазақы қойдан қымбат. Мәселен, салмағы 180-190 келі тартатын қошқардың құны 10-15 млн теңгеге дейін барады.
«Өткен жылы сарыағаштық Қуаныш Мықтыбаев есімді азамат «каштан» қошқарын 40 мың долларға сатып алды. Бойы бір метрден асатын қошқардың салмағы 176 келі болды. «Каштанның» қозысы кемі 1 млн теңгеден жоғары бағаланады», - дейді шаруа.
Қазір Аманулла Құрманжанұлының қорасында сол «каштан» тұқымды қошқардың қозысы өсіп жатыр. Оған да қызығушылық танытып, сатуға қолқа салғандар болыпты. Тіпті, қомақты қаржы да ұсынған.
«15 млн теңгеге бермедім. Себебі, өзіме қажет. Қойларға қосып, тұқымын алып, көбейтемін», - дейді ол.
Жалпы, Айтахановтар отбасы бұрыннан мал шаруашылығымен айналысады. Кеңес үкіметі кезінде әкесі Құрманжан колхоздың қойын баққан. Ал, ел тәуелсіздігін алған соң, жеке шаруашылық болып бөлінген. Қазіргі кезде шаруашылықта 1 500-ге жуық асыл тұқымды «гиссар» қойы бар. Одан бөлек, 150-дей жылқы мен 40-қа жуық сиыр өсіріп отыр.
«Мемлекеттен ешқандай субсидия алған емеспін. Баршасы өзіміздің қол еңбегімізбен жасап жатқан дүниеміз. Бұрын бізде тек «меринос» қойы болатын. Кейін Сайрамнан 1 млн теңгеге «каштанның» қозысын алып келдім. Сондай-ақ, араға 2-3 жыл салып, 200 «гиссар» тұқымды қойды қостым. Содан барлық қойды асыл тұқымды еттік», - дейді шаруа.
Аманнулла Айтаханов көбінесе қойларына өзі қарайды. Баласы көмекші. Одан бөлек, тағы екі жұмысшысы бар. Мал қыркүйекке дейін жайылымда жүреді. Ал, күн суыта бастаған сәтте қорада ұстайды.
«Қазақы қойларды бордақылау үшін арнайы байлаймыз ғой. Ал, «гиссар» қойлары етті жүріп жинайды. Оның етін жеген адам, түнде үстіне көрпе жамылмай жатады», - дейді шаруа.
Айта кетсек, қазір Шаян ауылында «гиссар» қойларын өсірушілер көбейіп келеді. Олардың баршасы да Аманулла Айтахановтан «каштанның» тұқымын алып, кеңесіне жүгініп отырады.
️