Мереке қарсаңында Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылында «Зат» балабақшасы ашылды. Нысанның қолданысқа берілуі жергілікті тұрғындар үшін ерекше сый болды. Өйткені жұртшылық мектепке дейінгі ұйымның жетіспеушілігіне байланысты бөбектерін жетектеп, көрші елді мекендерге сабылатын. Жаңа мекеменің өзіндік ерекшеліктері де бар екен. Ол жөнінде толығырақ әріптесім айтып берсін.
ЗАТ балабақшасында 8 топ жұмыс істейді. Мекеме құрылтайшысы Қонысбай Момбеков балаларға қажетті жағдайдың барлығы жасалғанын, әрі білікті мамандардың да жеткілікті екенін айрықша атап өтті. Құрал-жабдықтары да заман талабына сай. Қазақ тілінде тәрбиеленетін балабақша алдағы уақытта барлығы 60 адамды жұмыспен қамтымақ.
ҚОНЫСБАЙ МОМБЕКОВ, «ЗАТ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: «Осындай үлкен балабақша ашуға ниет еттік, сол балабақшаларды үлкейтіп ашып жатырмыз. Осы Сарапхана елді мекенінде. Халқымыз көбейген сайын, балалар көбейгеннен кейін, осыны сол үлкейтіп, кеңейтіп, 200 дік орындық балабақшаға жеткізіп отырмыз.»
Балабақшаның басты ерекшелігі балдырғандарды салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа баулып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау. Сонымен қатар дәрігерлер де сәбилерді күн сайын тексеріп, олардың денсаулығына баса назарда ұстайды. Ал ата-аналар бөбекжайда саналы ұрпақ өсіп шығатынына бек сенімді.
ЗЕЙНЕП АБДИРОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: « Бұған дейін балаларымыз кішкене бақшада жүрген болса, бүгін міне барлық жағдай қарастырылған. Заман талабына сай, әсем ғимаратта тәлім-тәрбие алатыны барша ата-аналарды қуантып отыр. Осы балабақшаға ең кішкентай баламды алып келіп отырмын. Құдай қаласа осы жерде жақсы тәлім тәрбие алып шығады деген ойдамын.»
Айта кетерлігі, балабақшаға балалар 1 жастан бастап қабылданады. Өз кезегінде бөбекжай тәрбиешілері де отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеу бағытында аянбай еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.
️