Сауран ауданындағы кейбір ауылдық жерде мектеп жоқ

610
26.08.2022 05:59

Түркістан облысы Сауран ауданындағы кейбір ауылдық жерде мектеп жоқ. Бар болған күннің өзінде қашықта орналасқан. Мәселен, Қосмезгіл елді мекенінің балалары әлі күнге дейін 4 шақырымдық жердегі Қызыләскер мектебіне барады. Биыл қозмезгілдік тұрғындардың базыналары билікке жеткендей. Себебі 6 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға жаңа білім ошағы салынуда. 

Шорнақ ауылдық округіне қарасты Қосмезгіл елді мекенінде 6 мыңға жуық тұрғын бар. Оның 400-ге жуығы мектеп жасындағы балалар. Олар көрші ауылдағы Қызыләскер мектебіне барып білім алуға мәжбүр. Елдімекен мен мектептің арасы 4 шақырымдай. Жаңа білім ошағының дәл осы аймақтан бой көтеріп жатқанына ата-аналар дән риза. Себебі,  күннің аптап ыстығы мен қақаған аязында балаларды арыдан беріге тасудан арылатын болдық дейді. 

АСҚАР ИСАБЕКОВ – АТА – АНА - Қазіргі пайдаланудағы Қызыләскер жалпы орта мектебі бізге өте қашық болды. Енді осы мектептің салынуына ат салысып үлес қосқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Бұл мектеп өте қажет болды. Қанша үкіметке бардық ұсыныс тастадық. Айтқан өтініш тілектерімізді қабылдағанымызға мың алғыс. 

Жаңа нысанның жұмыс барысымен танысуға парламент мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай арнайы келді. Мектептің құрылысы 2020 жылы басталған. Жалпы аумағы 8094 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарына 1186 млн теңге қаржы қарастырылған. 

ДАРХАН МЫҢБАЙ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ - Түркістан облысындағы мектептердің жағдайын солтүстік болмаса орталық Қазақстанның мектептерімен салыстыруға болмайды. Өйткені бұл жердегі басты мәселе бала саны болу керек. Балалардың жағдайы болу керек. Бізде балалардың саны көп бірнеше ауысымға ауысады. Әлі де жетпей жатыр. Министрлік тарапынан қабылданған шешімдерде осыны міндетті түрде ескерген дұрыс қой деп ойлаймын. 

Мұндағы білім ұясы 300 орынға лайықталған. Соңғы үлгіде салынып жатқан мектепте жедел саты да қарастырылған. Құрылыс жұмыстары үшін  жергілікті тұрғындардың 30 пайызы жұмыспен қамтылған екен. Жауаптылардың сөзінше, нысанды осы жылдың қазан айында толық аяқтау жоспарлануда.