Түркістанда биыл шитті мақтаның бағасы 400 теңге болады деп болжанып отыр

264
22.08.2022 11:14

Түркістан облысында жиын-терім науқаны жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар барысы мен өзекті мәселелер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жиын-терім кезеңінде жұмыстарды сапалы атқарып, шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz.

“Биыл ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіш жоғары. Жетістіктер жылы болып тұр. Көп жұмыс атқарылды. Бұл – осы саладағы азаматтардың, халықтың еңбегінің жемісі. Енді осы жетістікке жету жолын үйрету үшін шаруаларды жинап, семинар өткізу керек. Көкөніс, бидайға қатысты семинар өткізіп, тәжірибемен бөліскен жөн. Егістік басына апарып, техникалар мен технологияларды көрсету арқылы жұртшылықты ауыл шаруашылығына қызықтыра аламыз”, – деді Өмірзақ Шөкеев. 

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, биыл облыста мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілген. Жалпы  345 мың тонна шитті мақта жиналып, өткен жылғы көрсеткіштен артады деп жоспарланып отыр.  Мақта бағасы биыл 400 теңге көлемінде болады деп күтілуде. 2021 жылы бір келісінің бағасы 320-380 теңге аралығында болған.