Суға кеткен үндістандық студенттерді іздеу жұмыстары жалғасуда

419
13.07.2022 10:45

Суға түсеміз деп барып, жоғалып кеткен үндістандық студенттердің туыстары Қазақстанға келді. Олардың бауыр еті балалары өлді дегеніне еш сенгісі келмейді. Тіптен ауыр хабарды естіген бір студенттің анасы қайғыдан қан жұтып қазір жансақтау бөлімінде жатыр екен. Алайда, төтеншеліктер суға кеткен шетелдіктерді аяғына тік тұрып жарты айға жуық уақыт іздесе де әзірге еш нәтиже болмай отыр. 

АЛТЫНБЕК ӘМИТ, ТІЛШІ:

- Төле би ауданы, Ақсу шатқалында суға кеткенде студенттерді іздеу жұмыстары екі аптадан асты. Төтеншеліктер мұнда қона жатып іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Дәл қазір 50-ге тарта қызметкер шет ел азаматтарының денесін іздеуде.

НҰРҒАЛИ ЖҮНІСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:

- Біздің болжам бойынша студенттердің денесі суға кеткен жерден 50-60 метрдегі ұйықтың астында болуы мүмкін. Бұл бір ғана болжам емес. Дәл қазір біздің құтқарушылар 24/7 кезекпен іздеуде.

Жоғалған Кумар Химанчудың туыстары мән-жайды толықтай білу үшін Қазақстанға арнайы келген. Олар оқиға орнын өз көзімен көріп, құтқару жұмыстарымен танысты. 

АНКАЛО ХИМАНЧУ, КУМАР ХИМАНЧУДЫҢ АҒАСЫ:

- Біз іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандарға алғысымызды айтамыз. Өзеннің ағысы өте қатты екенін өз көзімізбен көрдік. Бір ғана тілегіміз ұлымызды тауып беріңіздерші. 

Кумар Химанчу үйінің жалғыз ұлы екен. Әкесі БУПЕНДЕ бауыр етінің өлгеніне сенбейді. Ол, достарымен суға шомылуға баратынын отбасына айтпаған. Студенттің анасы ұлының суға кеткенін естіп, 15 күннен бері жан сақтау бөлімінде жатқан көрінеді.

БУПЕНДЕ ХИМАНЧУ, КУМАР ХИМАНЧУДЫҢ ӘКЕСІ: 

- Үндістаннан кеше келдім. Біз алғашында ұлымыздың суға кеткеніне сенбедік. Оның жасы небәрі 21-де. Оқиғаны Қазақстан мен Үндістан елдеріне студенттер жіберетін ұйымнан естідім. Жүрегім қатты ауырады. Бірақ, мен ұлымнің әлі де тірі екеніне сенімдімін. Сол үшін іздестіру жұмыстарын тоқтатпауларыңызды өтінем.

Дәл қазір Ақсу өзені арнасына сыймай жатыр. Тереңдігі 13-15 метрге жетеді. Суға кеткен студенттерде дәл үлкен ұйықтың маңайында шомылған. Сүңгуірлерді ұйыққа жіберу мүмкін болмағандықтан, құтқарушылар арнайы аппараттардың көмегіне жүгінуде. 

СӘКЕН СӘБИТОВ, ТҮРКІСТА  ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Жұмыс барысы көріп тұрғандарыңздай өте қиын. Ағыстың қаттылығыда бізге кедергі келтіруде. Су деңгейіде бір қалыпты емес. Сағат сайын артуда. Біздің пайымдауымша студенттердің денесі мына ағаштардың астында болуы мүмкін.

Судың тереңдігінен бөлек, өзеннің бетін жапқан ағаштар іздестіру жұмыстарына едәуір кедергі келтірген. Төтенше жағдай департамент қызметкерлері оның көбін сыртқа шығарыпты. Егер ағыс тоқтаса, тар шатқалдың арасын іздеу оңай болар еді дейді мамандар. Ал, Ақсу өзенінің су деңгейі алдағы онкүндікте азая қоймайды.