"Жібек жолы" кемесіне қатысты жағдай Қазақстанға қаншалықты әсер етеді?

148
05.07.2022 08:20

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев "Жібек жолы" кемесіне қатысты жағдайдың Қазақстанға салдары болмайтынын айтты, - деп хабарлайды Turkistan.tv Tengrinews.kz тілшісіне сілтеме жасап.

"Қазақстандық тасымалдаушы бұл кемені заңды түрде жалға берді, қазір кемені жалға алып отырған ресейлік компанияға беруге ешқандай шектеулер болған жоқ. Ешқандай халықаралық та, ішкі құжаттарда да", - деді ол.

Өскенбаев егер кемені жалға алушы қандай да бір жолмен, қандай да бір елдің заңнамасын бұзған болса, бұл факт ресми түрде расталған жағдайда, Қазақстан кемені қайтару шараларына кірісетінін айтты.

"Қазақстан үшін ешқандай салдары болмауы керек, өйткені еліміз халықаралық құқықты да, халықаралық келісім бойынша ратификациялаған келісімдерді де, ішкі заңнаманы да ешқашан бұзған емес және бұзбайды. Кемені тапсырған кезде оған ешқандай заңсыз тасымалдау – есірткі, қару, басқа да тыйым салынған заттарды тасымалдауға болмайды деген шектеулер қоямыз. Біз шешімді күтеміз, өйткені жағдай толық түсінікті емес", - деп қосты министр.

Еске салайық, бұған дейін министр қажет болған жағдайда Қазақстан "Жібек жолы" кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін екенін айтқан болатын.