Қазығұрттық шаруалар 2 жылдық мал азығын дайындап үлгерді

267
18.06.2022 09:04

Қазығұрттық шаруалар мал азығын дайындау бойынша бірінші орымды аяқтады. Олардың айтуынша биыл өнім бітік шығуда. Оң өзгеріске ауыл шаруашылығы саласына енгізіліп жатқан жаңа технологиялардың үлесі зор. Сондай-ақ, жауын-шашын мөлшерінің биыл жеткілікті мөлшерде түсуі диқандардың жұмысына серпін беріпті. 

Қазығұрттық шаруа Жандос Талғатұлы жаңбырлатып суғару әдісін осыдан жеті жыл бұрын игерген.  Айтуынша аталған тәсіл арқылы шабындықты бір маусымда бес мәрте оруға болады. Заманауи технологияны өндіріске қосу арқылы мол өнім алып жүрген кәсіпкер жүйенің суды үнемдеуге де септігі зор деп отыр. 

Құны 15 млн теңге болатын құрылғы егіндікті бірден 80 метрге дейін сумен қамтуға қауқарлы. шаруалар мұны мемлекеттік субсидия арқылы  жарты бағасына алып отыр. Соның арқасында қазығұрттық шаруалар бүгінде екі жылдың мал азығын жиып үлгерді. Ауданда биыл барлығы 28 мың гектар жоңышқа егілген. Оларды жаңбырлатып суғару үшін тіршілік нәрі Келес-Өгем магистралінен осы құрылғылар арқылы тартылады. осы жылы өнімге кенелген қазығұрттық шаруалар алдағы уақытта егістік көлемін ұлғайтып, жаңа технологиялардың көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, ауданда 39 мың қара мал, 414 мың қой, 25 мың ешкі, 32 мың жылқы бар. Оларға мал азығын дайындау үшін жаңбырлатып суғару әдісі бойынша аудан көлемінде 45 гектар жерді игеру жоспарланған.