«Түркістанды қоғамдық келісім мен бірліктің үлгісі ретінде дамытуымыз керек». Бұл Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтқан сөзі. Алқалы жиынға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің, өкілдері облыстың түкпір-түкпірінен келген этномәдени бірлестік мүшелері мен басқа да зиялы қауім өкілдері қатысты.
Наталья Григорьева Түркістан жоғары көпсалалы колледжінің 4-курс студенті. Қазақ тілін жетік меңгерген. Облыстық славян этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі «Еліміздегі әрбір этнос өкілі қазақ тілін білуі тиіс»,- деп санайды.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:
- Қазақ халқы – мемлекетіміздің өзегі, тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі.
Өмірзақ Шөкеев аймақта этностық теңсіздікке жол бермеуге, мәдени және тілдік оқшаулануды болдырмауға үлкен мән берілетінін атап өтті. Ол «Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыру мақсатында Түркістанды қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамытуымыз керек»,- деді. Айта кетерлігі, Түркістан облысының 25 пайызы өзге ұлт өкілдерінен тұрады.
Жиында зиялы қауым өкілдері облыс басшысының этносаралық татулықты арттыруға бағытталған бастамаларын әрдайым қолдайтындарын жеткізді. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы ұлтаралық алауыздықты болдырмау жолындағы өз ойларын айтты.
Сессия жұмысын түйіндеген Ө.Шөкеев тәуелсіздігімізді нығайтуда, этносаралық татулық пен азаматтық бірлікті күшейтуде Қазақстан халқы Ассамблеясының ықпалы зор екенін жеткізді. Сондай-ақ, этностардың азаматтық бірлігі мен татулығын нығайтудың маңызды элементі ретінде Түркістанның тарихи, мәдени және рухани әлеуетін арттыру қажеттігіне тоқталды.
️