Референдумның әділ өтуін халықаралық бақылаушылар қадағалайды. Арасында Түркия мемлекетінен келген мамандар да бар. Олар Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесіп, аймақтың маңызды саяси науқанға дайындығымен танысты.
Түркістан облысында референдумның маңызын халық арасында насихаттаумен қатар, сайлау учаскелерінің саяси науқанға дайындығы да қызу жүруде. Аймақта барлығы 1,1 миллионнан аса адам референдумда дауыс береді деп күтілуде. Ол үшін 900 сайлау учаскесі сақадай сай тұр. Мәселен, Кентау қаласында 35 cайлау учаскесінде 56 мыңнан аса адам өз таңдауын жасамақ.
Бекзат Садуов, Кентау қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:
- Қазіргі таңда 35 учаске 100 пайыз дайын. Оның ішінде 1 учаске бізде жабық болып саналады. Яғни орталық клиникалық ауруханада орналасқан. Барлық учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдайлар жасалған. Яғни тактильді жолақтар, арнайы бұрыштар мен пандустар қарастырылған. Сондай арнайы кабиналар жабдықталған. Сонымен қатар Кентау қаласына қарасты 5 елді мекендегі 11 учаскісі де сайлауға 100 пайыз дайын.
Қазақстандағы республикалық референдумның өткізілуін халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 300-ге жуық өкілі қадағалайды. Олардың арасында Түркиядан ата жұртқа арнайы келген елдің Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухаррем Аккая да бар.
Мухаррем Аккая, Түркия жоғары сайлау кеңесінің төрағасы, халықаралық бақылаушы:
- Қазақстанда өткелі жатқан маңызды саяси науқанға бақылаушы ретінде шақырылдық. Біз түркітілдес мемлекет ретінде референдум кезінде қазақ бауырларымыздың қасынан табылсақ, деген оймен келіп отырмыз. Орталық сайлау комиссиясының төрағасына алғыс айтқымыз келеді. Өйткені ұйымдастыру жоғары деңгейде. Алдағы референдум Қазақ халқына жемісті, табысты жақсы болсын деп тілеймін.
Шетелдік дипломаттар Түркістан өңіріндегі жалпыұлттық референдумға дайындық барысымен танысып, жоғары берді. Кездесу барысында қос тарап та саяси науқанның әділетті әрі ашық өтуіне мүдделі екендерін жеткізді.
️