Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының сегізінші консультативтік кездесуіне қатысты. Жиында сөз алған ел президенті 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаятынын айтты. Оған қоса, Орталық Азия мен Әзербайжан саудасын 20 млрд АҚШ долларына жеткізуді ұсынып отыр.
Өткен жылы Орталық Азия елдерінің арасындағы сауда көлемі шамамен 13 миллиард долларға жеткен. Бұл мемлекеттердің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық. Мұнда Әзербайжан елінің де үлесі бар. Дегенмен алдағы жылдары бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жетуі мүмкін. Бастаманы ел президенттерінің басқосуында Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
Бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың мазмұны жыл өткен сайын толығып келеді. Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді секторларда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып жатыр. Автокөлік және теміржол байланысы да кеңейіп келеді. Дегенмен, біздің пайымдауымызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Сондықтан ӨЗАРА сауда үлесін арттыру үшін үкіметтерімізге бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс.