Түркістан облысында 34 ауыл табиғи газға қосылады. Ал, жалпы аймақтағы 73 елді мекенді көгілдір отынмен қамту үшін қазынадан 12,7 млрд теңге бөлінген. Өңірдегі газдандыру жұмыстары жайында келесі бейнематериалда.
Кентауға қарасты Қарнақ ауылында былтыр басталған магистральды газ құбырын тарту жұмыстары қазір ерекше қарқын алған. Бүгінде жұмысшылар ауыл ішін көше-көшемен бойлап, құбыр желілерін жүргізуде. Ауқымды жобаға биылдың өзінде 1 миллиард теңгеден астам қаржы қаралған. Нысан келесі жылға өтпелі болғанымен, жергілікті жұрт көгілдір отынның келуін тағатсыздана күтіп отыр. Себебі жылдар бойы тонналап көмір тасып, күл шығарудың машақатынан ауыл халқы әбден мезі болған.
ДНЕПР ҚҰЛМЕТОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Біздің отбасына 1 жылға 6 тонна көмір кетеді. Ол 30 мыңнан болғанда 180 мың теңге. Қалтаға ауырлық қылады. Ал енді оның ағашы бар, бейнеті бар. Енді Қарнақ ауылының армандары орындалайын деп жатыр. Көгілдір отын келсе, халықтың пейнеті жеңілдейді, көңілі көтеріледі.