Қазақстаннан қашып, Дубайға тығылған үш азамат елге қайтарылды. Олар Қазақстан аумағында түрлі қылмыс жасаған. Олардың бірі 2019-2020 жылдары Астанада жер учаскесін алуға көмектесетінін айтып, 368 мың АҚШ доллар ақшасын ұрлап кеткен. Енді бірі Алматыда қарақшылық шабуыл жасап, бөтен біреудің денсаулығына ауыр зиян келтірген. Ал үшінші күдікті биыл жазда Астана қаласында жүріп, Қытай азаматының 24 мың долларын ұрлады деген күдікке ілінген. Осыған байланысты халықаралық іздеу жарияланып, олардың Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында жүргені анықталған. Бас прокуратураның сұратуымен күдіктілер елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта барлығы тергеу изоляторында.