Кепілге қойған мүлкін қайтара алмай жүрген тұрғындар шу шығарды

227
19.05.2022 05:42

Несиемізді толық өтесек те, банк кепілдегі мүлкімізді бермей отыр. Осылай деп дабыл қаққан кентаулық 100-ге тарта тұрғын арнамыздан араша сұрады. «Яссы Несие» ЖШС-і жұрттың мүлкін 1 жылға жуық себепсіз кепілде ұстап отырған көрінеді. Құжатын сұрап барғандарды құр уәдемен шығарып салып отырған. «Яссы несие» ЖШС алдына жиылған мына жұрт, бұл жолы несие алу үшін емес, заңды мүлкін қайтарып беруді талап етіп келген. Бірі кепілге үйін, бірі көлігін қойып ақша алған тұрғындар, қарызынан толықтай құтылғанымен мүліктерінен айырылып қалған. Әбден ашынған тұрғындар ауыл шаруашылық мақсатында несие беруші мекеменің басшысымен тілдесуге келген. Алайда, банк қызметкерлері жиылған жұртқа жекіп, күш көрсетуге дейін барды. Шыдамы таусылған тұрғындар мекеме директорының кабинетіне басып кірді. Белгілі болғандай бұл ұйымды бұған дейін басқарған азамат алаяқтық бойынша 5 жылға сотталған екен. Онымен қоса оған сыбайлас тағы  3 адам  істі болған. Ал, жаңа басшы келеңсіздіктің бәрі сол болғанын және мәселені жақын арада шешетінін айтады.  Ал, тұрғындар бұл сөздерді бұған дейінде бірнеше рет естіп, құлағымыз жауыр болды дейді. Мекеме басшысының айтуынша, кепілге қойылған мүліктердің құжаттары «Аграрлық несие корпорациясында» екен. Себебі, «Яссы несие» ЖШС-не 9 млрд теңгеге жуық қарыз берген дәл сол мемлекеттік ұйым. Ал, ондағылар , халықтың мүлкі өздеріне кері қайтады, тек уақыт керек дейді. Жалпы, «Яссы Несие» ЖШС-нен 500-ге тарта азамат кәсіптерін дөңгелету үшін несие алған. Оның тең жартысы қарызынан құтылып, кепіл мүліктерін қайтарып алғандар. Ал, алаяқтарға алданып қалдық па деп қорыққан жұрт мәселе дереу шешімін таппаса президентке хат жазамыз деп отыр.