Бүгін Мемлекет басшысы VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарған спортшылар мен бапкерлерді салтанатты түрде марапаттады. Бұл жеңіс тұтас ұлттың рухын асқақтатқан тарихи белес. Жүзден астам мемлекеттің кіл жүйріктері бақ сынаған бәсекеде ел құрамасы 74 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте топ жарған еді. Президент елімізде ұлттық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Соңғы жылдары жүздеген спорт нысаны салынып, салаға бөлінген қаржы мен үйірмелер саны артқан. Нәтижесінде бұқаралық спортпен айналысатын отандықтардың қатары 8 миллионнан асып отыр. Еліміз алдағы уақытта да халықаралық деңгейдегі дүбірлі додалар мен ірі чемпионаттарды жоғары деңгейде өткізуге әзір.