Алматыда интернет арқылы «тиімді шартпен қарыз береміз» деп жұртты алдаған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Әккілер бұл іске азаматтарды тарту үшін, әлеуметтік желіні пайдаланып, жарнама таратқан. Жұрттың сеніміне кірген олар ең алдымен жеке мәліметтерді жинап, электронды құжаттарға қол қойғызып отырған. Несие алушылар уәде етілген сомадан әлдеқайда аз ақша алып, сан соғып қалған. Өйткені қаражаттың бір бөлігі алдын ала ескертіп айтпаған өзге де төлемдер ретінде ұсталған. Ең сорақысы, келісімшарт жасалғанға дейін қарыздың толық құны, пайызы мен айыппұлдар туралы нақты ақпарат берілмеген.