Алматы облысына жаңа әкім тағайындалды. Өңірді бұдан былай бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов басқарады. Оның кандидатурасын өңірдегі 178 депутаттың 83 пайызы қолдады. Жаңа әкімге Үкімет басшысы Олжас Бектенов бірқатар жедел тапсырма берді. Жүктелген басты міндет тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту. Ол үшін облыста денсаулық сақтау саласына қосымша қаржы бөлініп, Қарасай, Іле аудандары мен Қаскелеңде жаңа емханалар мен перзентханалар салынбақ. Бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын Үкімет цифрлық теңге арқылы бақылайтын болады. Сонымен қатар, жаңа әкімдікке елді мекендердегі тозығы жеткен коммуналдық желілерді жаңарту, егістікте су үнемдейтін технологияларды енгізу және жаңадан бой көтеріп жатқан Алатау қаласының экономикалық әлеуетін іске қосу міндеттелді.