Өткен жылы Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келді. Биыл бұл межені тағы 20 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Жыл басынан бері өңірге 143 мыңнан астам турист саяхаттап үлгерген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 15,6%-ға жоғары көрсеткіш. Бұл туралы «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының басшысы баспасөз жиынында айтылды. Облыстың туристік әлеуетіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған ол қазір Түркістандағы 180-ге жуық демалыс және түнмелік орындар туралы ақпараттарды жинақтайтын жаңа жобаның іске асып жатқанын жеткізді. Базада нысандардың орналасқан жері, байланыс деректері, инфрақұрылымы, қызметтері және жету жолдары көрсетіледі. Сондай-ақ, таулы аймақтарды кеңірек насихаттау мақсатында аудандардан да визит орталығын салу жоспарланып отыр.