«Нұр жолы» кеден бекетіндегі былықтан мемлекетке 165 миллиард теңгеге шығын келген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақ-Қытай шекарасындағы кеденде тексеру жүргізген Бас прокуратура осындай заңсыздықты әшкере етті. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, тауарларды жалған декларациялаудың 400-ге жуық фактісі анықталған. Тексерудің тек бір айында жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын контрабанданың 16 фактісі әшкере болды. Ең сорақасы прокурорлар осындай заңсыздықтарды анықтаған соң, кеден бекетінің басшысы 50 мың доллар пара бермек болыпты. Енді кеденде тәртіп қашан орнайды? Кеден бекетіндегі кептеліс бұған дейін талай жыр болды. Қытай жағы қазақстандық көліктерге шектеу қойып, жүргізушілер көліктерінде 3 айлап өмір сүрді. Тиісінше, кәсіпкерлеріміз міндеттемелерін орындай алмай шығынға белшеден батқан еді. Қазір жағдайды ретке келтіру үшін өткізу бекеттерінде «Электрондық кезек» жүйесі енгізілген. «Қорғас» кеден бекетін жайлаған тәртіпсіздік пен жемқорлықтың адам төзгісіз жағдайға жеткенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашық айтты. Тағы бір себеп - екі елде есеп жүргізудің әдістемелері әртүрлі. Жалпы әлемдік тәжірибеде сыртқы сауда статистикасындағы айырмашылықтар көптеген елдерге тән екенін атап өту қажет. Мысалы, 2020 жылы Қытай Халық Республикасының Германиямен алшақтығы $47 млрд, Вьетнам Республикасымен – $30 млрд, Польшамен – $10 млрд, Пәкістанмен – $3 млрд құраған. Қазір әлемде жүк тасымалы үшін талас жүріп жатыр. Бұл тұрғыда жайлы жағдай жасаған мемлекеттің ұтары анық. Халықаралық сарапшылар әлемдік жүк тасымалының кемі 10% Қазақстан арқылы өтетін болады деген ұстанымда. Ал кедендегі жағдай қазір тұрақтала бастаған. Бекеттердегі жемқорлыққа тосқауыл қойып, тәртіп орнату үшін арнайы комиссия тексеру жұмысын жүргізді. Әзірге белгісі сауда-саттық айналымынан заңсыз пайда көріп отырған дөкейлердің қылмыстық жолы кесіліп, кеден айналымындағы ақша ағынына мемлекет бақылау орнатқан.