Жігерген ауылдық округі Қазығұрт тауының етегінде орналасқан. Жалпы жер көлемі 11 575 гектар. Оның 2700-ден гектардан астамы жер телімі. Ал 225 гектары суармалы егістікке жатады. Ауылдың негізгі күн көрісі – егін мен мал шаруашылығы. Аталған ауылда жайылым тапшылығына қатысты қандай мәселе бар? Мал бордақылау ісі қалай жүріп жатыр? Тілшіміз тарқатады
Жігерген ауылдық округінің негізгі күнкөріс көзі – егін мен мал шаруашылығы. Бүгінде жігергендік шаруаларда 5600 ірі қара, 2800 жылқы мен 10 890 қой бар. Сондай ақ, 3320 бас құс өсіріледі. Мұндағы шаруалар өз қораларында мал бордақылау ісін қолға алыпты. Қазір қожалық қорасында 20-ға жуық бұқа бордақыда тұр.
КЕЛЕС ЖАНБОЛАТ- ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Қазір біз мал шаруашылығымен айналысып жатырмыз. Қазір күн ыстық болуына байланысты қазір 15 шақты мал асырап жатырмын. Қыстың күні 100 басқа дейін жеткіземін. Жем –шөп өзімнен шығады. Адырда 10 гектар жерім бар. Қазір шөптерді жинап қойдық, құдай қаласа тағы аламыз.
Жалпы соңғы жылдары елімізде мал азығының бағасы аспандап тұр. Десе де, бұл қиындыққа қарамастан шаруалар тірліктерін жалғастыруда. Себебі жігергендік тұрғындарда мұнан өзге кәсіп түрін дөңгелетіп алып кету қиын. Бүгінде мұнда 50-ден аса отбасы аталған кәсіпті тұрақты күнкөріс көзіне айналдырған.
ЖАНДАР СЕБАЕВ – ЖІГЕРГЕН АУЫЛ ОКРУГІ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАС МАМАНЫ
200-250-ге жуық мал бордақылап жатыр. Ең соңы 10 бастық 15 бастық, 5 бастық алаңдарын ашып, бордақылап пайдасын көріп жатыр. Қазіргі кезде еттің қымбаттауы, және жайылымымыздың тарлығына байланысты ауыл тұрғындары бордақылау алаңдарын ашып айналсып жатқан жайы бар. Бұл өз өнімдерін Шымкент базары, Сарыағаш ауданына өткізіп пайдасын көріп жатыр.
Жігерген ауылдық округі 2007 жылы дербес әкімшілік округ болып бөлініп шыққан. Бүгінде мұндағы 5 елдімекенде 5 мыңға жуық халық тұрады. Одан өзге, 3 балабақша мен 5 мектеп пен емхана жұмыс істейді.