«Жайма базарлар жұмысымыздан айырды». Осылай деп дабыл қаққан бір топ саудагер бүгін Түркістан қаласының әкімдігіне жиналды. Олар заңсыз сауда нүктелерін жоюды талап етіп отыр. Себебі, көше бойында орналасқан қара базарлар санитарлық нормаларды сақтамай, келушілердің кіріп-шығуына кедергі болатын көрінеді. Тақырыпты толығырақ Алтынбек Әмит тарқатады.
Жылдан аса уақытқа созылған бұл дау бүгін тағы қайталанды. Дәл бұрынғы сценарий. Заңды орында отырған саудагерлер жолды жапқан жайма базарға қарсы. Ал, «қара базардан» нәпақасын тауып жүргендер болса, жалғыз кіріс көзімізден айырылсақ бала-шағамызды қалай асыраймыз деп жыларман күйде. Алайда, әкімдік әлі күнге «шешеміз, реттейміз» деген құрғақ уәде беруден шаршамайды.
ЖӘМИЛА САРТАЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:
- Қазір «Әзиз» базар отырған жерде бізде тұрғанбыз. Бірақ бізді бір сағаттан соң қуып шыққан. Ал, бұлар болса әлі күнге дейін тайраңдап жүр. Жолды жабу қаншалықты заңды?
Идаят Кенжебаеваның сауда істеп күн көріп жүргеніне биыл жиырма жылға жауықтаған. Бүгінде қала орталығында орналасқан «Қуаныш» сауда орталығында кәсібін дөңгелетуде. Табыс көзін арттыру үшін дүңгіршегін кеңейтпек болған Идаят банктерден несие алып, құрылыс жұмыстарын жүргізіпті. Алайда, сауда орталықтың алдын жайма базарға айналдырғандар оның бизнесін құрдымға кетірудің аз-ақ алдында тұр екен. Себебі, Идаятқа келетін тұтынушыларды «қара базар» ұстап қалатын көрінеді.
ИДАЯТ КЕНЖЕБАЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:
- Бізде барлығы заңды. ИП-мызда бар. Барлық салықты төлеп отырамыз. Бірақ, бұлар тұрады ешқандай құжатсыз жұмыс істей береді. За то біздің клиенттерді тартып алады. Егер шешім шықпаса бізде сыртқа шығамыз.
Ал Рахия Әшірбекова болса дәл сол заңсыз сауда орнында жұмыс істейді. Келіншек өз ісінің дұрыс емес екендігін білсе де, басқа амалым жоқ деп отыр. Себебі, үйге кіретін жалғыз табыс көзі осы сауда. Бұған дейін әкімдік мұндағы «кәсіпкерлердің» барлығын «Байсал» орталығына көшірген екен. Бірақ орын түкпірде болғандықтан онда адам баласы бармайТЫН КӨРІНЕДІ. Сондықтан, «Қара базардың» халқы жаңа «EcoBazar» қолданысқа енгенше, жылы орындарынан айырмаса екен дейді.
РАХИЯ ӘШІРБЕКОВА, САУДАГЕР:
- Бізге уақыт керек. Заңды орындар босаса кетеміз. Ал, оған дейін біздің бала-шағамызды кім бағады?
САУДАГЕР:
- Мына жерге келіп отырған 120 адамның барлығыда әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Егер жұмысымызды тартып алса не болмақ? Болмаса «Қуаныш» базардың ішінен орын берсін. Тып-тыныш тірлігімізді істеп отырамыз.
Қос тарап ортақ шешім таппаған жиында шенділер шаруаны шешеміз деумен шектелді. «Әзиз» базарға айналған Сайран көшесі жайма базарлардан тазартылатын болды. Бірақ ондағы халықты қайда көшіретіні әзірге белгісіз.
ЖАНДОС ТАСОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Біз бұған дейінде қаншама рет ескерту жасағанбыз. Тіпті айыппұл да салдық. Бірақ, ешқандай нәтиже бомлай тұр. Алайда, сәрсенбіге дейін заңсыз сауданы қалайда тоқтатамыз.
Алтынбек Әмит.