Мемлекеттік рәміздер таңбалы тас маңында ұлықталды. Экспедиция Түркістан облысы Созақ ауданы, Арпаөзен бойында өтті. Таудағы белгілердің шығу тарихын археологтар түсіндіріп, оның тәуелсіз Қазақстан рәміздерімен байланысты екенін мәлімдеді.
Жартасқа таңбаланған суреттер қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіш. Жәдігер Түркістан облысы Созақ ауданы, Абай қыстағының оңтүстік-батысында, Қаратаудың Келіншектау деген жотасынан бастау алатын кішірек Арпаөзен бойында орналасқан. Осы арқылы тәуелсіз Қазақстан елінің мемлекеттік рәміздерінің қайнар көзі ежелден бастау алатынын анық көруге болады.
Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:
- Рәміздер тарихы ежелден басталады. Ол көне заман, түркілер дәуірі, хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен тығыз байланысты. Мемлекеттік рәміздер – мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы. Бүгінгі Арпаөзен таңбалы тастарына жасаған экспедиция мақсаты – осы ежелгі заманнан келе жатқан символиканың XXI ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанның рәміздерімен тығыз байланысын насихаттау.
Бұл көне жерде Қазақстан ғылым академиясының археологогия экспедициясы зерттеген. Суреттердің жалпы саны – 3,5 мың. Негізгі сюжеттері аңшылыққа, жаугершілік тақырыпқа және жан-жануарлар тіршілігіне арналған. Қос аяқты ат, өгіз және түйе жеккен соғыс және шаруашылық арбалары кездеседі. Ескерткіш біздің заманымыздан бұрынғы 1 және 2-мыңжылдыққа жатады екен.
Бауыржан Байтанаев, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры:
- Киелі Созақ жерінде орналасқан Арпаөзен таңбалы тастары немесе Арпаөзен петроглифтері – қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер, жартасқа таңбаланған суреттер. Біз осы тарихи жәдігерді кейінгі ұрпаққа жеткізуде вандалдардан қорғауымыз керек. Ол үшін бұл жерде туризмді дамытып, петроглифтерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу қажет.
Экспедицияның мақсаты рәміздердің таңбалы таспен байланысын насихаттау. Мұндағы петроглифтерді табиғатқа қастандық жасаушылардан барынша қорғауымыз керек дейді ғалымдар. Тіпті ашық аспан астындағы музейге айналдырып, келер ұрпаққа кеңінен түсіндіру керектігін алға тартты.