Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласында өткен AI Journey халықаралық жасанды интеллект конференциясына қатысты. Алқалы жиында Президент еліміздің цифрландыру саласындағы жетістіктерін таныстырып, жасанды интеллектіні дамыту мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы басымдықтарға тоқталды. Сондай-ақ, жаһандық технологиялық теңсіздік қаупін ескертіп, Қазақстанның цифрландыру саласындағы басты жетістіктерін таныстырды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Ресейдің әлемдік ғылым мен инженерия тарихындағы орнына ерекше тоқталды. Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Сергей Королев сынды ғалымдармен қатар, алғашқы электрондық есептеуіш машиналарды жасаған академик Сергей Лебедевтің еңбегін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл ғылыми дәстүр бүгінде де жалғасын тауып отыр. Мәселен, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының дерегінше, Ресей бірегей модельдер өндірісіне берілген өтінімдер бойынша әлемде екінші орында тұр.