Түркістан облысындағы бес бірдей ауданда 1 миллионнан астам халық таза ауызсуға қол жеткізеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі қуаты 72 мегаваттық су электр станциялары мен ауқымды топтық су құбырын салу жөніндегі келісімді бекітті. Стратегиялық жоба нәтижесінде Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарының ауызсу түйткілі түбегейлі шешілмек. Сондай-ақ өңірде «жасыл» қуат көзі есебінен электр энергиясының тапшылығы азаяды. Айта кетейік, құрылыс барысында отандық өнімнің үлесі 90 пайызға жетіп, ұзындығы 55 шақырымға жуық магистральдық су құбыры кейіннен мемлекет меншігіне өтеусіз беріледі.