Астанада бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастырылды

5
26.08.2025

 Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға 3 мыңға жуық адам қатысқан. Бұл жәрмеңке студенттерді, түлектерді және жұмыс берушілерді біріктірген маңызды алаңға айналды. Жастар ұлттық компаниялардан бастап, өнеркәсіптік кәсіпорындарға дейін 70-тен астам компанияның өкілдерімен бетпе-бет сөйлесті. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», өз ісін ашуға арналған қолдау тетіктері және басқа да мүмкіндіктер туралы толық ақпарат алды. Сондай-ақ, «Отбасы банк» ипотека рәсімдеу бойынша кеңес беріп, Астана әкімдігі NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Joltap» жобасын таныстырды. Жалпы соңғы екі жылда «Жастарға жұмыс» жобасы аясында 55 мыңнан астам жас тұрақты жұмыспен қамтылып, 150 мыңға жуық адам қатысқан 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізілген. Бұл бастамалар арқылы 2029 жылға қарай 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр.