Қазақстанның екі мегаполисінде бет-әлпетті танитын ақылды камералар жұмысын бастады. Астана мен Алматы қалаларында іске қосылған жүйе іздеудегі адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалдырылған заттар туралы сигнал беруге, құқық бұзушылықтарды автоматты режимде тіркеуге мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігінің ақпаратына қарағанда, «ақылды» камералар адам көп шоғырланатын маңызды нысандарды – теміржол вокзалдарын, қонақүйлерді, әуежайларды, көшелерді және сауда ойын-сауық орталықтарын бақылайды. Бүгіннің өзінде камералар көмегімен Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталып ұсталған. Ал Алматыда жасырынып жүрген 30 адам анықталған. Айта кететін жайт, Қазақстанда 1 млн 359 мың бейнекамера орнатылған.