Биыл тұрмыстық зомбылық саны артқан

401
29.09.2022 05:08

Қоғам дамыған сайын ондағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қиынға соғып тұр. Елімізде жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 99 000 хабарлама түскен. Бірақ олардың 62 000-ы есептен шығарылыпты. Өйткені полиция келгеннен кейін көбіне жәбірленушілердің өздері арыз беруден бас тартып жатады. Ал мәлімдемесіз полиция тұрмыстық тирандарды жауапкершілікке тарта алмайды. Алайда мұндай жанжалдың соңы кей жағдайда қайғылы аяқталып жатады. Салдарынан қаншама бейкүна бала жетімдіктің зардабын тартуда.

Бүгін Көмек оңалту орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша ісшара өткізілді. Жиын Түркістан облысының Әділет департаментінің ұйымдастыруымен өтті. Биыл 4285 адамға құқықтық кеңес берілген. Азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында 1286 насихат жұмыстары жасалды. 

Түркістанда тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр. Отбасында қорлық көрген әйел бізден аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінді. Айтуынша, қыс мезгілінде атасы ішімдікке тойып алып қуып жіберген. Оған қоса әйелдің денсаулығы да мәз емес екен. Небәрі 24 жасар келіншек бүгінде екі баласымен Көмек оңалту орталығында күнелтіп жүр.

ЖӘБІРЛЕНУШІ - арақ ішеді атам. Екіншімді босанған кезде атам арақ ішіп үйден бізді қуып жіберген. Қыстың күні екі баламды киіндіріп, такси шақырып, үйден шығарып жіберген.  Күйеуім Россияда түғын жұмыста. Ол келген кезде ол да арақ ішіп кетті. Сөйтіп төркінде жаттым. Шымкентте екі ай екі баламен квартирада болдым. 

Сондай-ақ келіншек күйеуіне 1 млн теңге несие алып берген екен. Әуеліде оны енесі төлеп жүріпті. Екі баласымен қайын атасы қуып шыққан соң олар қарызды қайтаруды да қойған. Бұл мәселені Әділет департаменті басшысының орынбасары өз қарауына алды. Арызданушы әйелдің күйеуінен алимент өндіріп, жұмыссыз жүрген күйеуіне жұмыс қарастыруды қолға алғанын жеткізді.

Отбасында зорлық-зобылық көргендерге қатысты іс-шара кәсіби медиаторлардың, заң консультанттарының және ерікті заңгерлердің қатысуымен өтті. Жиында 20-ға жуық оңалту орталығындағы азаматтардың мәселелері тыңдалып, заңдық тұрғыда құқықтық көмек берілді. Сондай ақ 2 азаматтың өтініші жазбаша қабылданып, ары қарай  қарауға алынды.

МАЛИКА ЖҮСІПОВА - ДАҒДАРЫС «КӨМЕК»  ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ – Біздегі дағдарыс орталығындағы орналасқан әйелдер қыздар олардың көп жаңағы заңдық жүзіндегі жұмыстары бітпеген. Солардың бәрін ашып, бірігіп бәріміз осы жұмыстың басын қосып бірге сол істерді бітіріп,  қыздарға көмектесіп, өздерінің таңдаған мамандығы, араларында мұғалімдері бар, дәрігері бар. 

Түрлі жағдайда түнде үйінен қуылған жас аналар алдымен "Көмек"  оңалту орталығына жүгінеді екен. Бұл жерде оларды алдымен 1 аптадай тексеріп, мәселенің анық қанығын анықтайды. Содан кейін ғана арнайы орталықтарға орналастырып, жатын бөлмелермен қамтамасыз етеді. Одан бөлек жәбірленушіні жұмыспен қамтып, балаларын балабақшаға береді екен.