Соңғы күндері Яндекс такси қызметіне түскен шағымдар көбейген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше жыл басынан бері компанияға қатысты екі ірі тексеріс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ такси жүргізушілерінің де шетелдік қосымшаға көңілдері толмайды. Себебі, табысының біраз мөлшері шетел асады. Бірақ, қолданбасқа тағы амал жоқ. Өйткені такси қызметіне сұраныс өте жоғары. Ал отандық ІТ жобалар неге шетелдік компанияларға бәсекелес бола алмай жүр? Ақдариға Мұхаддас зерттеп көрді.
Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаевтың мәлімдеуінше 200 000-ға жуық қазақстандық қазіргі таңда Яндекс Такси қосымшасында жұмыс жасайды. Ал желіде жанайқайын жеткізген мына жігіт табысының шетке кететініне налиды.
Аталған қосымшада жұмыс жасайтын 200 000 қазақстандықтың ай сайын орташа есеппен 99 000 теңгесі өзге елдің қазынасына құйылып жатқанын есептеңіз. Демек айына бұл көрсеткіш 19 800 000 000 теңге болса, жылына 237 600 000 000 теңгені көрсетті. Ал дәл осы тұста, 2023 жылы республикалық бюджеттен өңірлерге бөлінетін қаражат мөлшеріне зер салсақ.
Атырау облысы - бюджеттен қаражат бөлу қарастырылмаған жалғыз облыс. Сонымен қатар, Астана мен Алматы қалаларына да республикалық бюджеттен бөлінбейді. Ал ең көп қаражат мөлшері Түркістан облысының еншісінде. Шамамен 1 триллионға жақын қаражат бөлінбек. Байқасаңыз, осыған дейін айтқан ел азаматтарының жыл сайын Яндекс Такси қосымшасы арқылы Ресей қазынасын байытатын 237 миллиард теңгемен бір жылда 5 өңірді қамтамасыз етуге болады екен.
Соңғы кездері жолаушылар Яндекс Такси қызмет құнының шарықтап кеткеніне жиі шағымдана бастады. Статистика бойынша өткен жылы бұл көлік қызметінің тарифі орта есеппен 6,8 пайызға көтерілген. Биыл да бұл өсім жалғасты. Ал такси қызметін жиі пайдаланатын тұрғындардың бұған қатысты пікірі қандай?
Мәселен, күндізгі сағат 10-40 та, Алатау Медиа орталығы мен базар арасында 1110 теңге болды. Ал 12-45-те дәл осы бағыт 1380 теңгеге бір-ақ шықты. Бұдан түсінгеніміз қалада қар жауған және таңертең, кешкі қарбалас мезгілде таксилер бағаны қалағанынша көтере береді. Оны тексеріп, қадағалап отырған ешкім жоқ. Осылайша Яндекс пен индрайвер - елде такси нарығын жаулаған ірі платформа болып отыр. Алайда оның еліміздегі қызметкерлер ешбір әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілмеген. Оларға зейнетақы жарналары жүрмейді, жұмыс беруші тарапынан медициналық сақтандыруға да төлем жасалмайды. Бұл олқылықты еңбек министрлігі келер жылдан бастап ретке келтірмек жоспарда.
Онлайн платформалардың көмегімен (Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады, олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді.))
Елімізде Такси қызметіне қатысты стартап жобалар жоқ емес. Қазір «АПАРУ», «РЕГИОН» секілді жобалар халыққа қызмет көрсетіп келеді. Әйтсе де, халықаралық жобаларға бәсекелес болу үшін кедергілер көп. Ал министрлік әзірге қаржылай көмек көрсетпейді. Тек инвесторлар табуға қолдау көрсетеді.
️