Балабақшаларды қаржыландыру мәселесі қатаң қадағаланады

340
02.12.2022 12:06

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өзекті мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Өңір басшысы балабақшалардың талапқа сай болуын қатаң қадағалау, тиімді қаржыландырылуын бақылау қажет екенін ерекше атап өтті. Арнайы мониторинг барысы көптеген балабақшалардың бала санына сай мемлекеттік тапсырыс алып отырғанымен, тексеру нәтижесінде сол бөлінген қаржыға сай бала жоқ екені анықталған. Екіншіден, бірқатар балабақшалар санитарлық және басқа да талаптарға сай емес. Тексеру қорытындысы облыс әкіміне баяндалды. 

– Жағдайы жасалмаған ғимараттарда өскен бала не көреді? Қандай тәрбие алады? Ол тәрбие мен білім алатын орын ғой. Егер де балабақша иелерінің өзі осындай жағдайға жеткізіп отырса, олар балалардың жағдайын ойлап отыр дей алмаймыз. Біз осыған тосқауыл қоюымыз керек. Қажет болса, құқық қорғау органдары кемшіліктерді анықтап, заң аясында шара көруі тиіс, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға осы саладағы олқылықтарды жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. 

2021 жылдың қараша-желтоқсан айларында облыс әкімі аппараты мен басқармалары және Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығымен арнайы жұмысшы топ құрылып, 17 аудан, қалалардағы мемлекеттік тапсырыс берілген 1393 балабақшаға (154 214 балаға) мониторинг жұмысы жүргізілген. Оның 268-і – мемлекеттік, 1012-сі – жекеменшік. Жүргізілген мониторинг барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталған. 

Мәселен, Төлеби ауданы бойынша 6 жекеменшік балабақшада 80% балалар тек құжат жүзінде ғана тіркелген, ата-ана өтініштерінің 90% бірдей қолжазбамен толтырылған. Барлық аудан, қалалардағы жекеменшік балабақшаларда бұзушылықтар біркелкі. Атап айтқанда, балабақша ғимаратымен жатын және ойын бөлмелерінің санитарлық талаптарға сәйкес келмеуі; құжатта көрсетілген төсек орындармен нақты төсек орындарының сәйкес келмеуі; басқа облыстар мен қалалардың балаларын тіркеуі; жолдамада көрсетілген ата-аналар мүлдем басқа адамдар болуы; көптеген жекеменшік балабақшаларда – 40, 50%-ға дейін, кейбір балабақшаларда тізімдегі балалардың 80%-ның жоқтығы анықталды. Жылу жүйелері қалыпты жағдайдан төмен, қауіпсіздік шаралары сақталмай ирандық пешпен жылытылатындары бар. Автокөлік гаражын балабақшаның қосымша корпусына айналдыру дерегі де тіркелген. Балабақшада киім шешінетін орын 1 балаға кемінде 0,7 шаршы метр, ойын бөлмесі 1 балаға кемінде 2 шаршы метр болуы тиіс. Бұл талаптар көп жерде орындалмаған. 

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, 2021 жылғы желтоқсан және 2022 жылғы қаңтар, наурыз айларында мониторинг нәтижесесінде 1-6 жас аралығындағы 155 810 баланың нақты 152 845-сі балабақшада бар екені анықталды. 2965 бала қысқартылған. Бұрынғы кемшіліктерді қайталамау мақсатында мемлекеттік тапсырыс қаражатын «SmartNation Balabaqsha» порталында қаулыда көрсетілген тарифтеумен реттеп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту қарастырылды. Бұған қосымша осы портал арқылы баланың балабақшаға келіп-кетуі QR арқылы растаудың пилоттық жобасы енгізілуде. 

3-6 жастағы балаларға мемлекеттік тапсырыс алып отырған балабақшалар тізбесі нақтыланады. Балабақшалар министрлік бекіткен жаңа талаптарға сай болуы қажет. Қағидаға сәйкес балалар үшін жайлы жағдайларды қамтамасыз еткен балабақшаларға ғана мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қауіпсіздік талаптары бұрынғыдан да күшейген. Қоршаулар, резервтік, үздіксіз электрмен жабдықтау жүйелері, бейнебақылау, «Дабыл түймесі» болуы қажет.

Мәжілісте облыстық прокуратура мен өзге де құзырлы органдар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және басқа да мекеме басшылары мен өкілдерінің пікірлері, ұсыныстары тыңдалды. 

Облыс әкімі тарапынан балабақшаларға бөлінген қаржыны өз мақсатында әділ жұмсау, балабақша иелерінің жауапкершілігін арттыру, балаларға жайлы жағдай жасау, жалақы қарызы мәселесінің алдын алу, қаржыны қадағалау жөнінде тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді. Заңсыздықты анықтап, тиісті шара қолдану үшін барлық жауапты сала өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылады.