Балабақшадағы балаларды ұру әрекеттері жиілеуде

814
19.07.2022 10:15

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ұрпақ тәрбиесінің кепілі. Бүгінде еліміздегі балабақшаларда берілетін тәрбие мен білім сапасына келер сын көп. Ғаламторда баланы сабады, бұғанасын сындырды деген секілді видеолар желдей есіп жүр. Бұл мәселеде жауапты мамандар нендей пікір білдірді? 

2022 жылдың статистикасына сәйкес облысымызда 1363 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тіркелген. Аталмыш балабақшаларда өз ісін құлшыныспен істейтін мамандар аз емес. Соның бірі Лаура Байзакова. 12 жыл бойы балабақшада үздіксіз қызмет етіп келе жатқан тәрбиеші жаңашылдықты үйреніп, сауатты арттыру маманның өзіне байланысты екенін айтады. 

ЛАУРА БАЙЗАКОВА, АҒА ТӘРБИЕШІ:

- Жалпы оқу орнын бітіріп, балабақша табалдырығын аттаған кезде өз қиыншылықтары болды. Жас маман болып жұмысты бастаған кезде қиыншылықтар міндетті түрде болады. Әр баланың қылығын, мінезін, темпераментін ұғынып бірге жұмыс жасау үшін адаптация керек. Оны жасыра алмаймыз. Білікті, білімді маман ретінде әр баланы жақсы көріп отыратын болса, мамандығын сүйетін болса тәрбиешілік қиындық тудырмайды. 

Ғаламторды аша қалсаң баланы соққыға жықты, қорлық көрсетті деген толассыз ақпараттан сүрінесің. Баланы сабады, бұғанасын сындырды деген видеолар желдей есіп жүр. Мұндай қылмысқа баруына не себеп?  "Бір мезетте бір емес бірнеше топты қарамағына беріп, 25-тен астам баланы тәрбиелеуге мәжбүр болған тәрбиешінің психологиясына ауыр келеді", - дейді балабақша меңгерушісі Анар Сапарбайқызы 

САПАРБАЙҚЫЗЫ, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:

- Біз мамандарды мекемеде бос орын болған жағдайда «Enbek.kz» сайтына жариялап, педагогтар талаптарымызға сай келсе жұмысқа шақырамыз. Олар ең әуелі біліктілік тестін тапсырып, білімділігін қорғап келеді. Конкурстан өткен соң оларды қабылдаймыз. 

Бүгінде бөбекжайлар 2-ге бөлінеді. Жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар. Екеуіне де артылар сын көп. Бірінде маман жетіспесе, енді бірінде жылаған бала көрсе тоқпақтай жөнелетін тәрбиешілер жетерлік. Қазіргі таңда Түркістан облысында 267 мемлекеттік балабақша болса, 1007 балабақша жекеменшік ұйым. Ал, 89 мектеп жанындағы шағын орталық тіркелген. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық іс қозғалатын оқиғалар көбіне жекеменшік балабақшаларда тіркелетінін алға тартты. 

Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар, жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес. 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтаттық.  Мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды. Басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Балабақшаларға педагог мамандарды қабылдар алдында міндетті түрде психологиялық тест тапсыруын басты назарға алу қажет»,-дейді психолог. Тәрбиеші ретінде тип-темпераментіне  байланысты сангвиниктер мен флегматик болуын қадағалау маңызды көрінеді. 

БАҚЫТГҮЛ АШИРБЕКОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ:

- Тәрбиешілерді жұмысқа қабылдаған кезде психологиялық тест арқылы қабылдау керек. Одан соң тәрбиешінің психологиясын зерттеу керек. Жалпы жұмыс жасай ала ма, жасай алмай ма тексеру керек. Содан кейін сұхбат жүргізу қажет. Әртүрлі ситуацияларды мысалға келтіріп, сұрақ қою керек. Тип-темпераментін анықтау қажет болады. 

Балабақша өмірдің әліппесін үйрететін періштелі шаңырақ. Ал тәрбиеші болуды тек қана мамандық немесе кәсіп түрі деп қарауға әсте болмайды. Себебі ұрпақ тәрбиесі тұтас ұлттың болашағын айқындайтын игі іс. Сондықтан бала болашағына бей жәй қарамай, жүктелген жауапкершілік пен міндетті атқара білсек болғаны. 

 

Дина Айтбекова