Қазақстандағы ауған студенттердің жағдайы қалай?

318
11.06.2022 08:24

Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-да 1200 ге жуық шетелдік білім алады. Оның ішінде 60 студент Ауғанстаннан келген. Түрлі мамандықтарда оқып жүрген жастар қазақ, түрік тілдерін еркін меңгеріп алған. 

Шабир Ахмед Ихтери ХҚТУ-нің  2-ші курс студенті. Білім ордасына достарының кеңесі арқылы келген ол журналист болуды армандайды. Ауғанстанның Кабул қаласынан келген жас елдегі жағдайды тұрақты деп түсіндірді. Дегенмен оқу ордалары әлі де қалыпты жұмыс істемейтін көрінеді. Шабирдің сөзінше ата-анасы оның  Қазақстанға барып, білім алуына еш қарсылық білдірмеген. Ұлтым ауған болса да  қазақ, түрік тілдерін меңгердім деген ол оқуын тәмамдаған соң, елге қайтуды жоспарлап отыр.  

Шабир Ахмед Ихтери, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 2-ші курс студенті:                                                            

- Отбасымда 4 адам бар. Құдай қаласа, екі жылдан кейін бұл мамандықты бітіремін. Сосын Ауғанстанға қайтамын. Сол жерде жұмыс істеймін. Менің ойымша әкем-анам Ауғанстанды жақсы көреді. Сол үшін сол жақта жұмыс істеу керек. Менің ата-анам Қазақстанға келгеніме өте разы болды. 

Университетте 1200-ге жуық шетелдік білім алып жатыр. Олардың дені түркі тілдес елдер грантымен оқуға түседі. Оның 200-і Қазақстаннан, ал 50-і Түркия елінен бөлінетін гранттар. Оқу орнының басшылығы грант шетелдердегі елшіліктермен бірге ұйымдастырылатынын айтады. Сонымен қатар Түркия тарапы студенттердің  барып-қайту қаражатын да бөледі. Оның ішінде ауғандық жастар да бар. 

Асқар Тұрғанбаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры:

- Қазақстанның елшілігі бар Ауғанстанда солармен бірге ұйымдастырамыз. Грантты жеңгеннен кейіін ол балдар Сыртқы Істер Министрлігі арқылы кәдімгідей визасыз алынып келеді. Немесе келіп осы жерден виза алады. Ауғанстаннан 61 студент оқиды. Олардың ішінде әртүрлі ұлттың өкілдері бар. Оның ішінде 6 студент биыл бітіреді. 

Университет қабырғасын тәмамдаған соң, олардың елде қалып жұмыс істеуіне де ешқандай кедергі жоқ. Ал дәріс беріп жүрген мұғалімдер шетелдік студенттердің оқуға ынтасын да тілге тиек етті. Олар көбіне өз елінде сұранысқа ие мамандықтарды таңдайды екен. Оның арасында  инженер, агроном, медицина, педагогика секілді мамандықтары  бар.