Түркістан облысында 22 күн ішінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 200-ден аса дерегі тіркелді. «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өңірде рейдтік бақылау күшейіп, нәтижесінде екі бірдей қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз аңшылық пен қару сақтауға қатысты тәртіп бұзушылықтар көбіне шөлейтті және орманды аумақтарда анықталған. 24 заңсыз қару тәркіленіп, иелеріне қатысты іс құжаттары сотқа жолданды. Бұдан бөлек, қару ұстау және пайдалану ережесін бұзған 47 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Іс-шараға облыс бойынша 200-ден астам полиция қызметкері, 100-ге жуық мемлекеттік орган өкілі мен ерікті құрылым мүшелері жұмылдырылған.